Қаланың инфрақұрылымы

Өзіңді биік ұста!

Атырау қаласының Балықшы ауданында заманауи баскетбол алаңы ашылды.
Аталған шағын ауданның жастар өкілдерінің өтініші бойынша «Атамекен Эко» Қоғамдық бірлестігінің бастамасымен қолға алынған жоба жергілікті кәсіпкерлер мен қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаның бас демеушісі — TEXOL компаниялар тобы.

Алаңның ашылу салтанатына Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Арман Хайруллин, «ТексолТранс» компаниясының басшысы Борис Зиганшин, спорт ардагерлері мен ауданның тұрғындары қатысты.
Шәкір Кейкін жергілікті тұрғындар мен қонақтарды баскетбол алаңының ашылуымен құттықтап, осындай бастамаларды дамыту қаншалықты маңызды екенін айтты.
«Бұл біздің тұрғындардың, әсіресе жастардың денсаулық пен спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Халық игілігі үшін салынған алаңда болашақ чемпиондар тәрбиеленіп өседі деген сенімдеміз. Осындай игі істерге атсалысқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Осындай қолдаудың арқасында қаламыздың болашағы жарқын болады!», — деді Атырау қаласының әкімі.
Борис Зиганшин:
«Баскетбол алаңы тек спорт инфрақұрылымын дамыту ғана емес, дені сау, белсенді ұрпақ тәрбиелеуде маңызды қадам. Енді Балықшы ауданының тұрғындары сапалы әрі қауіпсіз ортада спортпен шұғылданады».
Арман Хайруллин жобаның барлық қатысушыларына, серіктестеріне және еріктілеріне алғысын білдірді, олардың арқасында құрылыс екі айда аяқталды.
Муралда (сәулет ғимараттарының қабырғаларына салынған суреттер) «Барсы Атырау» баскетбол командасында ойнайтын Рамазан Самсин (нөмірі № 77) мен Балықшы ауданының тумасы Махамбет Кязимов (нөмірі № 34) бейнеленген. Жалпы суреттің ең соңында Американың баскетболшысы, «Лос-Анджелес Лейкерс» NBA командасының мүшесі, мегажұлдыз Леброн Джеймс тұр. Суретті Мейірбек Бахтияр бастаған бір топ суретшілер салды.
Салтанатты шара соңында «Барсы Атырау» кәсіпқой баскетбол клубының ойыншылары көрнекі таймды ойнап шықты.
Қаланың инфрақұрылымы